Сенатор Ләззат Сүлеймен Ақсу ауданының халқымен кездесті

TINFO
TINFO
Служба новостей

ҚР Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Ақсу ауданына жүмыс сапарымен келді, деп хабарлайды TINFO.KZ.

Сенатор  Nur Otan партиясының мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, құқық қорғау органдары мен ардагерлер, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, медиаторлармен, мектеп директорларымен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, мекеме, бөлім басшыларымен, жастар нұсқаушыларымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы жұртшылықты Парламент Сенатының 2019 жылғы атқарған жұмысымен, жаңадан қабылданған заң жобаларымен, атап айтқанда, «Педагог мәртебесі» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» сонымен қатар, аймақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Кездесуде қатысушылар ойларындағы бірнеше өзекті проблемаларды, атап айтқанда шаруа қожалықтарының жұмысына қазіргі таңда аса қажетті шағын механикаландырылған көпсалалы тракторларды елімізде шығару, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының ортақ табысы есебіне зейнетақыны қоспау және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Ләззат Жаңылысқызы жұмыс сапарын «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында жөндеуден өткен «Қарлығаш» балабақшасына барып жалғастырды. Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатының ұжымымен кездесу өткізіп, мектеп ұстаздарына «Педагог мәртебесі» туралы заңды жан-жақты таныстырды. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан тұрғындарына жеке қабылдау жүргізді.